Жамбыл облысында 14 мыңнан астам түлек мектеппен қоштасты Жамбыл облысында 2025–2026 оқу жылы өз мәресіне жетіп, мектептерде соңғы қоңырау соғылды.
Биыл өңір бойынша 531 орта білім беру ұйымын 245 мыңнан астам оқушы аяқтап отыр. Оның ішінде 23 253 оқушы 9-сыныппен қоштасса, 14 437 түлек 11-сыныпты тәмамдады.
Оқу жылының аяқталуына орай 25 мамыр күні барлық білім беру ұйымдарында «Білімім – Отаныма!» атты бірыңғай республикалық сынып сағаты ұйымдастырылды. Аталған тәрбие сағаты жас ұрпақтың бойында елге деген сүйіспеншілік пен азаматтық жауапкершілікті қалыптастыруға бағытталды.
Биылғы соңғы қоңырау шараларында қауіпсіздік мәселесіне ерекше көңіл бөлінді. ҚР Оқу-ағарту министрлігінің талаптарына сәйкес, мектеп бітіру кештерін мейрамхана, кафе немесе табиғат аясында өткізуге, автокортеж ұйымдастыруға және таңды қарсы алу іс-шараларына тыйым салынды. Осыған байланысты ата-аналар мен оқушылар арасында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, құқық қорғау органдарымен бірлескен мобильді топтар рейдтік бақылау жұмыстарын қолға алды.
Алда түлектерді мектеп бітіру емтихандары мен Ұлттық бірыңғай тестілеу күтіп тұр. 9-сынып оқушылары 29 мамыр мен 11 маусым аралығында төрт пәннен емтихан тапсырса, 11-сынып түлектері 2–15 маусым аралығында бес пән бойынша қорытынды сынақтан өтеді.
Биыл облыста 670 оқушы «Алтын белгіге», ал 1182 түлек үздік аттестатқа үміткер. Сонымен қатар 11 911 түлек ҰБТ-ға қатысуға ниет білдірген. Бұл — жалпы түлектер санының 82,5 пайызы.
Жамбылдық оқушылар биыл халықаралық және республикалық деңгейдегі байқауларда жоғары нәтиже көрсетіп, 468 медаль жеңіп алды. Ал облыс командасы республикалық ғылыми жобалар конкурсында 17 жыл қатарынан «Ең үздік команда» атағын сақтап келеді.
Өңірде білім беру саласын дамыту бағытындағы жұмыстар да қарқынды жалғасуда. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 7 жаңа мектеп пайдалануға беріліп, үш ауысымды мектеп мәселесі толық шешімін тапқан. Сонымен қатар облыс мектептерінде жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды енгізу бағытында «ZHAMBYL AI MEKTEBI» жобасы жүзеге асырылуда.
Жамбыл облысының білім саласы биыл да сапалы нәтижелерімен ерекшеленіп отыр. Дарынды жастарды қолдау, қауіпсіз әрі заманауи білім беру ортасын қалыптастыру бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таппақ.