Стратегиялық осалдық па? Әлде, әлем қысым мен тұрақсыздыққа ауып бара ма?

0 610

Жапарова Әсел Әбілханқызы
Тараз қалалық мәслихатының депутаты

 

Бүгінгі уақытта ақпараттың көп болуы аса маңызды емес. Ең маңыздысы көп сөздің арасынан мәнді ажырата алу. Өйткені біз куә болып отырған уақыт — жай ғана саяси өзгерістер кезеңі емес.
Бұл — тұтас бір дәуірдің іштен сөгіліп, сырттан ыдырап жатқан шағы. Бұрынғы тепе-теңдік бұзылды. Ол анық. Кеше ғана мызғымас көрінген жүйелердің
өзегіне сызат түсті. Әлем енді бұрынғыдай келісіммен, ережемен, өзара тепе-теңдікпен емес, қысыммен, мәжбүрлеумен, тұрақсыздық арқылы қайта қалыптасып жатқандай.
Қазір көптеген мемлекеттер
өзінің ішкі әлсіздігін сыртқы шиеленіс арқылы жасыруға көшті.
Ал ірі державалар үшін бұл кезең — тек геосаяси текетірес емес, сонымен қатар ақыл-ойды, өндірісті, капиталды қайта бөлісу кезеңі. Осындай шақта ең осал тұс — шамадан тыс тәуелділік. Өз тұрақтылығын ұзақ уақыт бойы
өзгенің саяси ықпалына,
экономикалық қорғанына, қауіпсіздік жүйесіне сүйеп құрған елдер алдағы сілкіністерді ауыр өткереді. Өйткені тарихтың ең қатал сабағы мынау:
Басқаны көлеңкесінде ұзақ тұрған жұрт күннің көзі тік түскенде әлсіреп қалады. Алдымызда дәл сондай уақыт келе жатыр.
Алдағы жылдары мемлекеттер кімнің қаншалықты өскенімен емес, кімнің қаншалықты аман қалғанымен өлшенуі әбден мүмкін.
Бұл — өсім дәуірінен сақталу дәуіріне өту. Қазір әлемде болып жатқан көптеген қақтығыстардың астарында идеялар қақтығысы ғана емес,ықпал аймақтарын, капитал ағынын, стратегиялық тіректерді қайта бөлу жатыр.
Сондықтан бізге “қауіпсіздік”, “тәртіп”, “демократия, “қорғаныс” деген ұғымдармен ұсынылып жатқан құбылыстардың ішкі табиғатына тереңірек үңілу қажет.
Кейде тарихты ұран емес, ақша жазады. Кейде соғыстың шын себебі шекарада емес,капиталдың қайда бет бұратынында жатады. Алда адамзат үшін
өте ауыр энергетикалық кезең тууы мүмкін. Бұл дағдарыс тек мұнай мен газ бағасына әсер етумен шектелмейді.
Ол: өндірісті әлсіретеді, тұрмыс құнын арттырады, азық-түлік бағасын шарықтатады, қоғам ішіндегі ашуды күшейтеді, тұрақсыздықты қалыпты құбылысқа айналдырады.
Ең алаңдатарлығы —
әлемнің біртіндеп еркін кеңістіктен бақылаулы кеңістікке айналып бара жатқаны.
Бұр еркіндік болып көрінген көптеген сала енді біртіндеп
бақылаумен сүзгіні астына өтуде.
Экономика да, ақпарат та,интерне те, тіпті адамның күнделікті кеңістігі де көзге көрінбейтін жаңа тәртіпке бағынып барады.
Осындай шақта адамға ең керегі —
үрей емес. Ең керегі — ішкі жинақылық деп ойлаймын.
Салқын сана. Таза пайым.
Рухани және тұрмыстық беріктік.
Өйткені алдағы уақытта ақпарат көбейген сайын ақиқат сирей түседі. Дыбыс күшейген сайын
мән әлсірейді. Сондықтан дәл қазір өзіңді сақтау — жай ғана психологиялық кеңес емес.
Бұл — өмір сүру стратегиясы.
Өзіңізге уақыт бөліңіз.
Отбасыңызға көңіл бөліңіз.
Денсаулығыңызды күтіңіз.
Жүйкеңізді тоздырмаңыз.
Артық дабылдан аулақ болыңыз.
Өйткені алдағы жылдары
ең мықты адамдар
ең көп сөйлегендер емес,
ең анық көре алғандар болады.
Және сол кезде бәрінен маңызды бір ғана қабілет қалады:
Уақыттың беталысын ерте тану.

Leave A Reply

Your email address will not be published.