Қазақстанда пластикалық хирургия клиникаларына жоспардан тыс тексеріс жүргізіледі

0 7

Қазақстанда пластикалық хирургия клиникаларына жоспардан тыс тексеріс жүргізіледі Сұлу боламын деп денсаулығынан айырылып қалғысы келетін адам жоқ. Бірақ соңғы уақытта пластикалық операциядан кейін болған бірнеше қайғылы жағдай қоғамда үлкен алаңдаушылық туғызды. Осыдан кейін Денсаулық сақтау министрлігі пластикалық хирургия қызметін көрсететін клиникаларды жоспардан тыс тексеруге кірісетінін мәлімдеді.
Бұл жолғы тексеріс жай ғана құжат қарап шығумен шектелмейді. Егер заң бұзушылықтар анықталса, клиника иелері заң алдында жауап береді.
Министрліктің мәліметінше, Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің аумақтық департаменттері 2021 жылдан бері 92 жоспардан тыс тексеру жүргізген. Соның ішінде ең көбі 2024 жылы өткен. Бұған пластикалық операциялардың сапасы мен қауіпсіздігіне қатысты шағымдардың күрт көбеюі себеп болған.
Тексеру барысында мамандар бірқатар заңбұзушылықтарды анықтаған. Атап айтқанда:
лицензиялық талаптардың сақталмауы;
медициналық көмек көрсету стандарттарының бұзылуы;
медициналық құжаттарды дұрыс жүргізбеу;
кейбір клиникалардың қажетті рұқсат құжаттарынсыз жұмыс істеуі.
Нәтижесінде клиникаларға кемшіліктерді жою туралы нұсқама беріліп, 24 әкімшілік хаттама толтырылған. Сонымен қатар жалпы сомасы 4,8 миллион теңгеге жуық айыппұл салынған.
Мамандардың айтуынша, пластикалық операция – қарапайым косметикалық процедура емес, толыққанды хирургиялық араласу. Сондықтан клиника таңдағанда оның лицензиясына, дәрігердің тәжірибесіне және медициналық мекеменің беделіне ерекше мән берген жөн.
Әдемі боламын деген ниет дұрыс. Бірақ ең алдымен қауіпсіздік бірінші орында тұруы тиіс. Өйткені сәтсіз жасалған бір операция сырт келбетке ғана емес, адамның денсаулығы мен өміріне де қауіп төндіруі мүмкін.

Leave A Reply

Your email address will not be published.