Испания Аргентинаны жеңіп, әлем чемпионы атанды

0 6
Бұл жеңістен кейін Испания әлем чемпионатын екінші рет ұтса, Аргентина төртінші чемпиондығына бір қадам жетпей тоқтады.

2026 жылғы футболдан әлем чемпионатының финалында Испания құрамасы Аргентинаны қосымша уақытта 1:0 есебімен жеңіп, өз тарихындағы екінші әлем чемпиондығына қол жеткізді

Шешуші кездесудің алғашқы минуттарынан-ақ испаниялықтар ойын тізгінін қолға алуға ұмтылып, қарсылас қақпасына қауіп төндірді. Аргентина да қорғаныста ғана қалып қоймай, қарымта шабуылдар арқылы бірнеше мүмкіндік жасады. Алайда негізгі уақытта екі команда да есеп аша алмады.

Екінші таймда ойынның қарқыны одан әрі күшейді. Кездесудің маңызды сәттерінің бірінде аргентиналық жартылай қорғаушы Энцо Фернандес қызыл қағаз алып, командасын аз құрамда қалдырды. Сан басымдығын тиімді пайдаланған Испания қосымша уақыттың 106-минутында жеңіс голын соқты. Шабуылды сәтті аяқтаған Ферран Торрес өз командасына тарихи жеңіс сыйлады.

Осылайша негізгі уақыт 0:0 есебімен аяқталғанымен, қосымша кезеңдегі жалғыз гол Испанияны 2026 жылғы әлем чемпионатының жеңімпазы етті.

Бір айдан астам уақытқа созылған дүбірлі дода осылай мәресіне жетті. Финалға шыққан қос құрама да бұған дейін әлем чемпионы атанған тәжірибелі командалардың қатарында болатын.

Чемпионат барысында Испания H тобында 7 ұпай жинап, плей-офф кезеңіне шықты. Олар Уругвайды 1:0, Сауд Арабиясын 4:0 есебімен жеңіп, Кабо-Вердемен 0:0 есебімен тең түсті. Кейін плей-оффта Аустрияны (3:0), Португалияны (1:0), Бельгияны (2:1) және Францияны (2:0) жеңіп, финалға жолдама алды.

Аргентина болса J тобындағы барлық кездесуінде жеңіске жетіп, 9 ұпаймен көш бастады. Олар Аустрияны 2:0, Алжирді 3:0, Иорданияны 3:1 есебімен ұтып, кейін плей-оффта Кабо-Вердені (3:2), Египетті (3:2), Швейцарияны (3:1) және Англияны (2:1) жарыс жолынан шығарды.

Бұл жеңістен кейін Испания әлем чемпионатын екінші рет ұтса, Аргентина төртінші чемпиондығына бір қадам жетпей тоқтады. Осы уақытқа дейін әлем біріншілігінің алтын жүлдесін бар болғаны сегіз мемлекет жеңіп алған. Олар – Бразилия, Германия, Италия, Аргентина, Уругвай, Франция, Англия және Испания.

Ал Нидерланд үш рет, Чехословакия мен Венгрия екі рет, Швеция және Хорватия бір мәрте финалға шыққанымен, чемпион атана алған жоқ.

Еске салсақ, үшінші орын үшін өткен кездесуде Англия құрамасы Францияны 6:4 есебімен жеңіп, әлем чемпионатының қола жүлдесіне ие болды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.