Ақмола облысының @birzhansal_aubanynyn_akimdigi Біржан сал ауданындағы Макинка ауылына арнайы іссапармен барып, ауылдың тыныс-тіршілігімен танысып қайттық.
Астана қаласынан шамамен 160 шақырым жерде орналасқан Макинка ауылы көл мен орманның ортасында орналасқан. Табиғаты керемет, жері кең, өмір сүруге қолайлы ауыл. Бірақ ауылдағы халық саны аз.
Қазір мұнда Қытайдан тарихи Отанына көшіп келген қандастарға арнап 60 үйдің құрылысы басталған. Аудандық әкімдік әр отбасыға 25 сотықтан жер телімін тегін рәсімдеп, иелігіне берген.
Бұл — қандастарды елге орналастыру бағытындағы нақты жұмыстың бір көрінісі.
Осы істің басында жүрген «Жолашар» ақпараттық порталының басшысы Болысби мырзаның айтуынша, Қытайда әлі де 3 миллионға жуық қазақ бар. Олардың арасында тарихи Отанына оралуға ниетті азаматтар аз емес.
Ауылдың өзін аралап көрдік. Бос тұрған үйлер де, игерілмей жатқан жерлер де бар. Бір жағынан, шетелден қандастарымыз келіп жатыр. Екінші жағынан, оңтүстіктен солтүстікке ағайындарды көшіру жұмыстары жүріп жатыр. Дегенмен, бұл бағыттағы жұмыстарды әлі де күшейту керек деп есептеймін.
Бос жатқан жер қашанда жау шақырады. Сондықтан осындай ауылдарды толтыруымыз қажет.
Бұл тек көші-қон мәселесі емес. Бұл — ауылдың болашағы, елдің демографиясы, жердің игерілуі.
Қазақтың даласы бос тұрмауы керек. Қазақтың ауылдары қайтадан халыққа толуы керек.
Макинка сияқты табиғаты тамаша, жері кең ауылдардың болашағы бар. Ең бастысы — халыққа жағдай жасап, ауылға адам тарту, жұмыс орындарын көбейту, баспана мен инфрақұрылымды дамыту.
Тарадай шашылған қазақты тарихи Отанына жинау — жалғаса беруге тиіс маңызды жұмыс.

Пікірлер