«Жұмыссызбын»: 24 жылға сотталған Бишімбаевтың дауы әлі бітпеді
24 жылға бас бостандығынан айырылған экс-шенеунік Қуандық Бишімбаевтың төңірегіндегі құқықтық тартыстар мұнымен аяқталмаған сияқты. Оның адвокаты Ерлан Ғазымжановтың мәлімдеуінше, алдағы уақытта Бишімбаевқа қатысты тағы бірнеше сот процесі өтеді. Бұл жолғы мәселелердің бірі – алимент төлеу тәртібінің өзгеруі, екіншісі – моральдық өтемақы көлемін ұлғайту туралы талап.
Алимент: табыс көзі жоқ, бірақ төлеуге міндетті
Адвокаттың айтуынша, қазіргі уақытта Бишімбаев жазасын өтеу барысында еш жерде жұмыс істемейді. Себеп – колонияда бос жұмыс орындарының аздығы. Осыған байланысты ол бұрынғы алимент келісімінің шарттарын қайта қарау туралы сотқа жүгінбек.
«Бұл келісім Қуандық бостандықта жүрген кезінде, оның тұрақты табысы мен бизнесі болған кезде жасалды. Сол кезде балаларға алимент мөлшері шамадан тыс белгіленді. Қазір жағдай мүлде бөлек – ол жұмыссыз, жинаған қаражаты да таусылуға жақын. Әзірге алиментті ата-анасы төлеп отыр», – дейді адвокат Ерлан Ғазымжанов.
Адвокат алимент төлеу жөніндегі келісімнің нақты шарттары құпия сақталатынын атап өтті.
Салтанат Нүкенованың ағасы Жоғарғы сотқа шағым түсірді
Марқұм Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді де Бишімбаевқа қатысты сот процесін жалғастыруға ниетті. Ол моральдық зиян ретінде бастапқыда талап еткен 1,5 миллиард теңге өтемақысы толық қанағаттандырылмады деп есептейді.
«Бірінші сатыдағы сот 10 миллион теңге өндіру туралы шешім шығарды, бұл сома төленді. Алайда Нүкенованың ағасы бұл жеткіліксіз деп есептеп, Жоғарғы сотқа конституциялық шағым түсірді. Іс тіркелді, бірақ ол Конституциялық сотқа жолдана ма, ол жағы әзірге белгісіз», – дейді адвокат.
Айта кетейік, апелляциялық сот алғашқы шешімді өзгеріссіз қалдырған.