«Тоқта!» белгісі бар, бірақ тоқтар жер жоқ: Тараз көшелеріндегі тәртіпсіздік жүргізушілерге айыппұл арқалатуда

0 108

Тараз қаласының кейбір көшелерінде жол қозғалысы ережелері сақталмай қойылған белгілер мен таңбалар жүргізушілерге қолайсыздық тудыруда. Атап айтқанда, «Тоқта!» белгісі мен стоп-жолақтың арасындағы қашықтықтың талапқа сай келмеуі — айыппұл төлеуге себеп болып отыр.
Көлік жүргізушілері «Сергек» камераларына түсіп, ереже бұзды деген айыппен айыппұл арқалап жатқанын айтып дабыл қағуда. Негізінен, жол қозғалысы ережесіне сәйкес, «Тоқта!» белгісі мен тоқтау сызығы бір сызықтың бойында орналасуы тиіс. Алайда, кейбір көшелерде бұл талап ескерусіз қалған: белгі бар да, жолақ алыста немесе мүлде жоқ.
Мәселенің мән-жайын анықтау мақсатында тілші Саламат Рахымет жергілікті билік пен жол қозғалысын реттеуші органдарға жүгінді. Жамбыл облыстық Полиция департаментінің өкілі Азамат Бақытұлы түсіндіргендей, егер стоп-жолақ көрінбесе, жүргізуші «Тоқта!» белгісінің тұсында тоқтауға міндетті.
– «Қауіпсіздік бірінші орында тұруы тиіс. Жолақ болмаған жағдайда да, жүргізуші жол белгісіне қарап, тоқтауы қажет. Бұл – ереже талабы,» – деді Азамат Бақытұлы.
Десе де, бұл жағдай көлік иелері үшін әділетсіз көрінеді. Себебі, көзге көрінбейтін таңбаға бола айыппұл төлеу — олар үшін түсініксіз әрі негізсіз. Осы ретте, жүргізушілер жол инфрақұрылымын ретке келтіруді және жауапты мекемелердің тиісті шара қабылдауын сұрайды.
Мәселе нақты шешімін таппайынша, «тоқта» деген белгі жүргізушілердің қалтасына соққы болып қала бермек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.