Отбасы – қоғамның алтын діңгегі

0 4
Елімізде Халықаралық отбасы күні 2013 жылдан бері ұлттық деңгейде де атап өтіліп келеді

15 мамыр – Халықаралық отбасы күніне орай ҚАЖД №58 мекемесінде тағылымды әрі жүрекке жылы тиер іс-шара ұйымдастырылды. Мекеме бастығы, әділет подполковнигі Р. Н. Жапаров осы күннің мән-маңызын ерекше атап өтіп, сотталғандар арасындағы тәрбие және әлеуметтік-психология жұмысы жөніндегі жасақ бастығы, әділет лейтенанты Мырзабай Ақназар Шегембердіұлының шаңырағына арнайы барды,

Кездесу барысында Р. Н. Жапаров офицердің ата-анасын Халықаралық отбасы мерекесімен құттықтап, отбасы құндылығының қоғамдағы маңызына тоқталды. Сондай-ақ, тәрбиелі ұл өсіріп, ел қызметіне қосқан әке еңбегі ескерусіз қалмады – офицердің әкесіне арнайы медаль табысталды. Бұл – ата-ананың бала тәрбиесіндегі рөлін дәріптеу мен олардың еңбегіне деген шынайы құрметтің белгісі.

Айта кету керек, елімізде Халықаралық отбасы күні 2013 жылдан бері ұлттық деңгейде де атап өтіліп келеді. Қыркүйек айының екінші жексенбісі – Қазақстанда Отбасы күні ретінде белгіленіп, жыл сайын атаулы күн түрлі іс-шаралармен, тәрбиелік мәні зор бастамалармен ерекшеленеді.

Мемлекет тарапынан отбасы институтын нығайту, ұлттық құндылықтарды насихаттау, жас ұрпақты тәрбиелеу, сондай-ақ әлеуметтік тұрғыда осал отбасыларды қолдау бағытында кешенді жұмыстар жүргізілуде. Өйткені, отбасы – әрбір азаматтың тірегі, ұлттық болмыс пен бірліктің бастауы.

Осы күні орын алған ізгі кездесу – қызмет пен борышты адал атқарып жүрген азаматтардың артында мызғымас отбасы тұрғанын тағы бір дәлелдеді. Бұл – Отанға адал қызмет етіп жүрген жас офицерлерге үлкен шабыт, ал жас ұрпаққа – үлгі-өнеге.

Leave A Reply

Your email address will not be published.