Иран қазақтары Қазақстанға көшу қиындықтарына тап болуда: қауымдастық Президенттен көмек сұрады
Иран қазақтары қауымдастығының төрағасы Тайып Бегей Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жолдап, Ирандағы қандастардың тарихи отанына көшуіне байланысты туындаған мәселелерді шешуге көмек сұрады.
«Біздің келгенімізге 100 жыл болды. Бірақ тілімізді, салт-дәстүрімізді, мәдениетімізді сақтап қалдық. Құдайға шүкір, 1991 жылдан кейін Қазақстан тәуелсіздігін алып, 1993 жылдан бастап Иран қазақтары ата жұртына көше бастады. Соңғы 30 жылда жылына 20–50 отбасы елге көшіп отырды», – деді Тайып Бегей.
Алайда, оның айтуынша, соңғы төрт жылда көші-қон үдерісі күрт баяулаған. Бұған себеп – Иран билігінің қандастардың жеке құжаттарына ұлты “қазақ” деп жазбауы. Бұл мәселе тек қазақтарға ғана емес, басқа ұлт өкілдеріне де ортақ.
«Бұрын Қазақстанның Ирандағы елшілігі мен консулдығы бізге қазақ екенімізді растайтын анықтама беретін. Соның негізінде біз көше алатын едік. Бірақ бұл механизмге 4 жыл болды — тоқтап тұр. Енді “қазақтығыңды дәлелде” деп талап етіледі. Бұл өте үлкен кедергі», – дейді қауымдастық төрағасы.
Сондай-ақ Тайып Бегей бұрын Иран қазақтарына 3 жыл мерзімге тегін диаспора визасы берілгенін, бірақ қазір бұл тәжірибе де тоқтатылғанын атап өтті.
Ол Мемлекет басшысынан Ирандағы Қазақстан елшілігінен берілетін ұлттық анықтама мен диаспора визасын қайта жандандыруды сұрады.