ХАМАС Газада атысты тоқтату туралы жаңа ұсынысты қабылдады
ХАМАС палестиналық фракциялармен бірге Катар мен Мысырдың арағайындығымен ұсынылған атысты тоқтату келісіміне келіскенін жариялады.
Ұсынысқа сәйкес, Газа секторында 60 күндік бітім орнату көзделген. Бұл келісім аясында ХАМАС 10 тірі кепілді босатып, олардың орнына 150 палестиналық тұтқынды алуы тиіс. Сондай-ақ мәміле қаза тапқан кепілдердің мәйіттерін қайтаруды қамтиды.
Израиль тарапы ұсынысты алғанын растады, алайда келісім әлі ресми түрде бекітілген жоқ.
Осы уақытта Израильдің Газаның шығысындағы әскери шабуылдары тоқтаусыз жалғасуда. Жергілікті тұрғындар қақтығыстың күні-түні жалғасып жатқанын айтады.
Бұған дейін Газа денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, аймақтағы гуманитарлық дағдарыс салдарынан 175 адам аштықтан қаза тапқан, оның ішінде 93-і – балалар. Азық-түлік, су, дәрі-дәрмек пен медициналық құралдардың тапшылығы өңірді күрделі гуманитарлық апат жағдайына жеткізді.
Халықаралық ұйымдар Израильдің қоршауы мен шабуылдарының салдарынан аштық пен судың жетіспеушілігі «қару» ретінде қолданылып отырғанын атап өтуде.