Жасөспірімдер арасында қылмыстың алдын алу бойынша қандай жұмыстар атқарылуда
Осы бағыттағы жүйелі жұмыс соңғы жылдары өз нәтижесін бере бастағаны байқалады
Жамбыл облысында биыл кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылық айтарлықтай төмендеді. Ресми деректерге сүйенсек, жасөспірімдер қылмысы 9,7 пайызға азайған. Бұл көрсеткіш алдын алу шараларының тиімді жүргізіліп келе жатқанын, балалардың тәртібіне қатысты бақылаудың күшейгенін және ата-аналардың жауапкершілігі артқанын білдіреді. Аса ауыр қылмыстар санының 87,5 пайызға қысқаруы да осының дәлелі.
«Қазіргі таңда аса ауыр қылмыстар саны да 87,5 пайызға азайды. Орташа ауырлықтағы қылмыстар да 21,4 пайызға төмендеп отыр. Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру 33,3 пайызға кеміді. Бұзақылық – 28,6 пайызға қысқарды. Өңірде бір де бір кәмелетке толмағандарды қылмысқа тарту деректерінің тіркелмеуі шынында да қуанышты жағдай. Бұл бағытта ұстаздар да, психологтар да, ата-аналар да, полиция да өте мұқият жұмыс істеп келеді деуге болады. Сол секілді ұрлықтың 14,3 пайызға азаюы балалардың бос уақытын дұрыс ұйымдастыру, мектептермен байланыс, ата-аналармен түсіндіру жұмыстарының тиімді жүргізіліп жатқанын көрсетеді. Біз жүргізіп отырған профилактикалық жұмыстардың бүгінде аясы біртіндеп кеңейіп келеді. Тарқатып айтсақ, жыл басынан бері 2 424 рейд өткіздік. Рейд барысында жасөспірімдердің әрекетін бақылау, олармен кездесу, заңды түсіндіру, әңгімелесу, жағдайды көру, саралау, әр отбасына жеке назар аудару секілді іс-шаралар кезінде 12 285 ата-ана мен басқа да ересек тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Атап айтсақ, ата-аналық міндетін дұрыс орындамағаны үшін – 1 192 адам, кәмелетке толмағандарды ойын-сауық орындарына кіргізгені үшін – 217 азамат, бұзақылық жасағаны үшін – 245 жасөспірім, түнгі уақытта балаларын қараусыз жібергені үшін – 7 174 тұрғын жауапқа тартылды. Жағдайды сараласақ, бір отбасында ата-ананың жұмыстан қолы тимеген, тағы бірінің тарапынан бақылау болмаған. Сол себепті адамды жазалаудан бұрын алдымен ескерту беру, түсіндіру, қылмысты болдырмау жұмысын жүргізу назарға алынады.
Қазіргі уақытта облыс бойынша 279 қолайсыз отбасы мен 415 жасөспірім есепке қойылып отыр. Олар біздің ерекше бақылауымызда тұрған балалар. Сондықтан да мұндай балаларды психологтармен кездестіріп, әлеуметтік педагогтармен де тиімді жұмыс жүргіземіз, учаскелік инспекторлар да үнемі жағдайын бақылап отырады. Өйткені осы балалардың әрқайсысы ертеңгі күні елдің тірегі болатын азаматтар. Сол себеті оларға дер кезінде қолдау көрсетілмесе, жаман жолға түсуін ары қарай да жалғастыра беруі мүмкін», – деді Азат Пирматов.
Биыл 7 221 профилактикалық дәріс, 814 ата-аналар жиналысы, 218 «дөңгелек үстел» отырысы ұйымдастырылған. Бұл кездесулерде бала тәрбиесі, интернет қауіпсіздігі, түнгі уақытта бақылаудың маңызы, зиянды әдеттердің қаупі сияқты мәселелер талқыланды.
Мәселен таяуда ғана Тараз қаласының прокуратурасымен бірлесе өткізілген «Заң және тәртіп: жасөспірімдердің қауіпсіздігі» тақырыбындағы жиында буллинг, топтық төбелес, қорқыту сияқты өзекті мәселелер қозғалып, бейнероликтер көрсетілді. Жиналыс ашық әрі мазмұнды форматта өтті. Ата-аналарға зорлық-зомбылыққа қарсы иммунитет қалыптастыру және жасөспірімнің айналасынан туындауы мүмкін қауіп-қатер белгілері туралы хабардарлықты арттыруға бағытталған профилактикалық бейнероликтер көрсетілді. Баланың мінез-құлқындағы өзгерістерге, атап айтқанда алаңдаушылық, тұйықтық, енжарлық немесе денесінде түсініксіз жайттардың болуы сияқты белгілерге назар аудару қажеттілігі баса айтылды. Жиналыс барысында ата-аналар көкейдегі сұрақтарын қойып, мамандардан нақты жауап алды.