Ұлтты ұйыту: сөз көп, іс қайда?

0 2 018

Жапарова Әсел Әбілханқызы
Тараз қалалық мәслихатының депутаты

Ғасырдың үшеуіне жуық жан алысып, жан берісіп, найзаның ұшы білектің күшімен азаттығымызды алып, тәуелсіз Қазақияны жасадық. Бірақ, азат ойлы, елін сүйетін тәуелсіз қазақты жасай алдық па?! Осы кезде Италияндық ойшыл Азалияның: «Біз Италияны жасадық, енді италияндықтарды жасауымыз керек» дегені еріксіз ойға оралады. Иә, азаттық Алашқа арзанға түскен жоқ. Мынау дөңгеленген дүниеде бас сауғалап, тар жол тайғақ кешіп жүрген халық қаншама?! Десек те, арқаны кеңге салмай етек-жеңді жинап, нық отыратын күн келді.

Ойнап-күліп, артық ырбаң мен сылтың жүрістің уақыты әлдеқашан өтті.

Мені ойландыратыны бүгінгі идеологияның халі. Ұлтты ұйытамыз деп жүрген бас идеологтардың іс-әрекеті қандай? Қоғаммен, қалың бұқарамен байланыстырушылардың расында байланысы бар ма? Әлде белгілі топпен ғана шектеліп, әлеу желі арқылы атойлап жүр ме? Осы туралы әлі көп жазылады, айтылады. Жасалынып жатқан жұмыстар жоқ емес, бар. Оны жоққа шығаруға болмайды. Ия, бүкіл қоғамды бір күнде өзгерте алмаймыз. Бірақ, отбасымызға, әулетімізге, айналамызға әсер ете аламыз ғой.

«Қинамайды түрмесіне жапқаны,

Қинамайды атқаны.

Қинайды тек өз итімнің,

Балағымнан қапқаны», — деп Ахаңның күңіренетіні тегін емес. Көзі ашық, көкірегі ояу қазақтың оқығандары «ақ болсын, қызыл болсын бәрібір, мен тек қазақ ұлтын тебіннен құтқарып, соның мүддесін қорғайтын мемлекетті жақтаймын» деген сөзін іс жүзінде дәлелдеп, сол жолда жанын құрбан қылуға дайын болғанмен дәл ол кезде тұтас ұлтта мұндай иммунитет жоқ еді. Ал, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған мына кең заманда Ұлттық кодты дәріптей алмағанымызға не жорық?! Статистиканы ашып қарасаң, бізден мықты жоқ. Бәлен қаржыны іс қылдым деп, ебін тауып, құрғақ жиналыс пен 2-3 суретті айтсаңыздар, бұл идеология емес. Құрғақ сөзбен ауыз жыртпай, жайлап шама келгенше тірлік қылып келеміз. Ал, осы істің басы қасында жүрген атпал азаматтармен тізе қосып іс қылайық десең, жым жылас, өлі тыныштық.

Айтпақшы, біздің облыста да қыруар іс атқарылып жатыр. Келесі постта сол туралы ашық ақпарат ұсынатын боламыз. Артық-кемін де өздеріңіз танысып, бағасын берерсіздер.

Leave A Reply

Your email address will not be published.