Тарихтың ақтаңдақ беттері

0 42

 

Жапарова Әсел Әбілханқызы

ХХ ғасырдың зұлмат жылдары қазақ халқының тағдырына жазылған ең қасіретті кезеңдердің бірі болды. Бұл – миллиондардың өмірін жалмаған ашаршылықтың, ұлттың маңдайалды азаматтарын жалмаған саяси қуғын-сүргіннің қаралы тарихы.
1930–1950 жылдары Кеңестік тоталитарлық жүйе мыңдаған жазықсыз жанды «халық жауы» деген жалған айыппен соттап, атып, түрмеге жапты, итжеккенге айдады. Тек 1937–1938 жылдардың өзінде Қазақстанда 103 мыңнан астам адам қуғындалып, 25 мыңнан астамы ату жазасына кесілді.
Бұл нәубет ең алдымен ұлттың рухани тірегіне айналған Алаш арыстарын, мемлекет және қоғам қайраткерлерін, ақын-жазушыларды, ғалымдар мен дін өкілдерін жалмады. Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Тұрар Рысқұлов, Сәкен Сейфуллин сынды ұлт зиялыларының тағдыры – сол дәуірдің ащы шындығы.
Алайда қуғын-сүргіннің зардабы тек жазаланған адамдармен шектелген жоқ. Олардың отбасылары да қудаланып, әйелдері мен балалары қорлық көрді. Мыңдаған тағдырлар тас-талқан болды. Қазақстан аумағындағы Қарлаг пен АЛЖИР секілді лагерьлер адам төзгісіз азаптың символына айналды.
Біз бұл күнді өткенді қазбалау үшін емес, тарихи шындықты ұмытпау үшін еске аламыз. Өйткені тарихын ұмытқан халық өз болашағын да жоғалтады.
Қуғын-сүргін құрбандарының рухы алдында бас иеміз.
Ашаршылықтан қаза болған миллиондардың аруағына тағзым етеміз.
Олардың қасіреті – ұлттың қасіреті.
Олардың тағдыры – тарихтың сабағы.
Олардың есімі – халық жадында мәңгі сақталады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.