Су басқан автожолдарда көлік қозғалысына шектеу қойылды
Еріген қар суларының салдарынан үш облыста республикалық маңызы бар үш автомобиль жолында көлік қозғалысына шектеу қойылды
Ақтөбе облысында «Қандыағаш – Ембі – Шалқар – Ырғыз» автожолының 3-92 шақырым аралығы, яғни Қандыағаш пен Ембі қалалары арасындағы жол жабылды.
Қостанай облысында Қазақстан мен Ресей арасындағы бейтарап аймақта, Мариновка ауылына жақын маңда қозғалысқа шектеу енгізілді.
Солтүстік Қазақстан облысында «Петропавл қаласының айналма жолы» автожолының 4-7 шақырым аралығында, Қожаберген жырау айналма жолынан Есіл өзені арқылы өтетін көпірге дейінгі учаскеде көлік қозғалысы тоқтатылды.
Қазіргі таңда республикалық жолдарды күтіп-ұстау жұмыстарына 45 арнайы техника мен 57 маман жұмылдырылды. Жолдардағы жағдай бақылауда, қажетті шаралар қабылдануда.