Стамбұлдағы жер сілкінісінде 150-ден астам адам жарақат алды
Стамбұлда жер сілкінісі кезінде кемінде 151 адам жарақат алды. Қала әкімдігінің мәліметінше, олардың басым бөлігі үрейге бой алдырған сәтте биіктіктен секіріп, түрлі дене жарақатын алған
Жер сілкінісі 23 сәуір күні түсте болды. Магнитудасы – 6,2. Түркияның ішкі істер министрі Али Ерликаяның айтуынша, дүмпу 13 секундқа созылған. Ал алғашқы үш сағатта 51 рет жер сілкінісінің қайталануы (афтершок) тіркелді.
«Шұғыл көмек орталығына 6100 қоңырау түсті. Олардың басым бөлігі – ақпарат алуға бағытталған. Қаза тапқандар жоқ», – деп жазды министр X желісінде.
Жарақат алғандардың өміріне қауіп төніп тұрған жоқ. Барлығы ем қабылдап жатыр.
Билік өкілдерінің айтуынша, тұрғын үйлер қирамаған, қала инфрақұрылымына зиян келмеген. Тек Фатих ауданында ескі, қаңырап бос қалған бір ғимарат құлап түскен.
Қорыққан кейбір тұрғындар үйлеріне қайтудан бас тартып, түнді сыртта өткізді – бірі көлікте ұйықтаса, енді бірі шатыр тігіп түнеген. Қалалық әкімдік мешіттердің түні бойы ашық болатынын хабарлап, кей тұрғындар сонда барған.