Қазақстанда су инфрақұрылымын цифрландыру: 2028 жылға дейін 367 канал қамтылады

0 3

Су ресурстары және ирригация министрлігі елімізде су инфрақұрылымын кешенді жаңғырту жұмыстарын бастайды. Бұл туралы ведомство вице-министрі Аслан Абдраимов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте хабарлады.

Вице-министрдің айтуынша, Мемлекет басшысының «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан» атты Жолдауында берілген тапсырмалар аясында Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесі әзірленуде. Жоба Еуразиялық даму банкінің Цифрлық бастамалар қоры қаржыландыратын грант есебінен жүзеге асып, 2026 жылдың соңына дейін аяқталады.

Жүйе іске қосылғанда жерүсті және жерасты сулары, гидротехникалық нысандар, су қоймалары және басқа да деректер толық цифрландырылады. Алдағы уақытта жасанды интеллект пен ғарыштық мониторинг деректерін пайдалану арқылы елдің су балансын нақты анықтауға, ресурстарды болжауға және басқаруға мүмкіндік туады.

Сонымен қатар суармалы су жеткізуге арналған өтінімдер, келісімшарттар және төлемдер толық автоматтандырылған биллинг жүйесі арқылы жүзеге аспақ. Шаруалар электронды келісімшарттар жасасып, төлемдерді банктердің мобильді қосымшалары арқылы жасай алады.

2026 жылдан бастап 103 каналға реконструкция және автоматтандыру жүргізіледі. Бұдан бөлек, 264 каналға жобалау-сметалық құжат әзірленіп жатыр. Бұл жұмыстар 2028 жылға дейін аяқталып, 2030 жылға қарай елдегі су инфрақұрылымының кемінде 40%-ы цифрлық технологиялармен қамтылмақ.

Leave A Reply

Your email address will not be published.