Жамбыл облысында бала құқықтарын қорғау басқармасы құрылады

0 6

Жамбыл облысында кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылық пен суицидтің алдын алу мәселесі ерекше назарға алынды. Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев осы бағыттағы жұмыстардың орындалуын талқылау мақсатында кеңес өткізіп, жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді.
Қылмыс азайды, бірақ мәселе әлі өзекті күйінде
Жамбыл облысының полиция департаменті бастығының орынбасары Бауыржан Жанаевтың айтуынша, биылғы жылдың 9 айында жасөспірімдермен жасалған қылмыс өткен жылмен салыстырғанда 3,3%-ға азайған.
Дегенмен, бұл көрсеткіш толық тыныштық орнады дегенді білдірмейді.
Өңірде 2 246 рейд өткізіліп, 8 414 жасөспірім полиция бөлімдеріне жеткізілген.
Бала тәрбиесіне салғырт қараған 175 отбасы мен құқық бұзған 472 жасөспірім профилактикалық есепке алынған.
Жүйелі жұмыс бар, бірақ әлі де олқылық көп
Білім басқармасының басшысы Нұрбек Оршыбековтің мәліметінше, облыс әкімінің тапсырмасына сай 48 жұмыс тобы құрылып, 445 мектеп пен колледжде түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Сауалнамаға 60 мыңнан астам оқушы және 7 мыңға жуық студент қатысқан. Нәтижесінде балалар арасында әлімжеттік, қорқыту, ақша бопсалау секілді келеңсіз жағдайлардың әлі де кездесетіні анықталған.
Балалардың қауіпсіздігі үшін жаңа басқарма құрылады
Осыған байланысты облыста Бала құқықтарын қорғау басқармасы құрылуда. Оның басты міндеті – әр баланың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, құқықтарының бұзылмауын тұрақты бақылауда ұстау.

Ербол Қарашөкеев жауапты тұлғаларға бірқатар тапсырмалар берді:
• Психологиялық қолдау орталықтарының жұмысын күшейту;
• Әр мектепке кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспектор бекіту;
• Қиын мінезді балалармен жеке жұмыс алгоритмін енгізу;
• Интернеттегі қауіп-қатерлер туралы ата-аналар мен оқушыларға түсіндіру жұмыстарын жалғастыру;
• Ал құқық бұзушылықты жасырып қалған мектеп директорлары лауазымынан босатылады.
«Қазір – білекпен емес, біліммен бәсекелесетін заман. Бүгін саналы ұрпақ тәрбиелей алсақ, ертең өркениет көшінің алдыңғы қатарында боламыз», – деді облыс әкімі Ербол Қарашөкеев.
Бұл мәселе енді облыс әкімінің Жедел штабының тұрақты күн тәртібінде қаралып, өңір басшысының жеке бақылауында болады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.