Кибербуллинг дегеніміз не және онымен қалай күресуге болады?
Соның бірі — кибербуллинг. Сандық кеңістікте тарап жатқан психологиялық қысымның бұл түрі әсіресе балалар мен жасөспірімдер арасында кең етек алып, қоғамды алаңдататын өзекті мәселеге айналды. Кибербуллингтің белгілері қандай, оның қауіпі неде және одан қалай қорғануға болады?
Осы және өзге де сұрақтарға тілшіміз жауап іздеп, Жамбыл облысы Полиция департаментінің Қоғамдық қауіпсіздік басқармасы Ювеналдық полиция тобының аға инспекторы, полиция майоры Оксана Семеновамен сұқбаттасқан еді.
– Қазіргі цифрлық дәуірде балалар да, ересектер де онлайн алаңдарда көп уақыт өткізеді. Осы орайда «кибербуллинг» ұғымы жиі айтыла бастады. Алдымен осы түсінікті нақтылап өтсек: кибербуллинг дегеніміз не?
– Кибербуллинг — бұл әлеуметтік желілерде, мессенджерлерде, ойын платформаларында немесе басқа онлайн кеңістіктерде бір адамға немесе топқа жүйелі түрде психологиялық қысым көрсету. Бұған қорлау, мазақ ету, жала жабу, жалған ақпарат тарату, жеке фотоларды жариялау, қорқыту, шантаж сияқты әрекеттер кіреді. Негізгі ерекшелігі — буллингтің интернет арқылы жасалуы және оның тәулік бойы жалғасу мүмкіндігі.
– Бұл құбылыстың қауіптілігі неде? Әлеуметтік желідегі жазбалар адамның психикасына әсер ете ме?
– Әсер етеді. Тіпті кейде офлайн буллингтен де ауыр салдары болуы мүмкін. Біріншіден, интернеттегі ақпарат жылдам таралады және аудиториясы кең. Екіншіден, анонимділік кибербуллингті күшейтеді — адам өзін кінәсіз сезінеді. Үшіншіден, жәбірленуші ақпаратты өшіре алмайды, ұзақ уақыт бойы сол контентті қайта көру психологиялық жараны тереңдетеді. Балалар мен жасөспірімдер үшін бұл депрессия, үрей, өз-өзіне сенімсіздік, тіпті өзіне қол жұмсау қаупін жоғарылатады.
– Кибербуллингтің ең көп кездесетін түрлері қандай?
– Ең кең тарағандары — қорлау мазмұндағы пікірлер, жеке суреттерді рұқсатсыз тарату, жалған аккаунт ашып адамның атынан ақпарат жариялау, чаттардан қасақана шеттету, «травля» ұйымдастыру, анайы топтарға қосып масқаралау. Кейбір жағдайларда шабуылдар топтасып жасалады, бұл жәбірленушіге өте ауыр тиеді.
– Егер адам кибербуллингке тап болса, бірінші кезекте не істеу керек?
– Ең маңыздысы — эмоцияға берілмей, жағдайды дәлелдермен бекіту. Скриншот жасап, сілтемелерді сақтау керек. Екінші қадам — буллинг жасаған аккаунттарды бұғаттау және платформаның әкімшілігіне шағым жіберу. Үшіншіден, егер қысым күшейсе немесе қауіп төнсе, құқық қорғау органдарына жүгінген жөн. Мектеп жасындағы балалар үшін міндетті түрде ата-ана, сынып жетекшісі немесе психологпен сөйлесу қажет. Көп адамдар үндемей қалып жатады, алайда бұл мәселені одан сайын ушықтыра түсетінін естен шығармауымыз керек.
– Ата-аналар балаларын кибербуллингтен қалай қорғай алады?
– Ең бастысы — ашық коммуникация. Балалар көбіне қорқады немесе ұялады, сондықтан жағдайын айтпайды. Ата-ана баламен сенімді қарым-қатынас орнатып, интернеттегі қауіптер туралы жүйелі түрде түсіндіруі керек. Сонымен қатар балаларға әлеуметтік желідегі парақшаларын асқан ұқыптылықпен жүргізуді, бейтаныс адамдарды достыққа қоспауды, контентті бөліспеуді, өзінің жеке деректерін жарияламау сияқты қарапайым ережелерді ерте үйреткен дұрыс. Сонымен қатар баланың онлайн уақытын бақылап, қажет болса, қауіпсіздік фильтрлерін орнатуға болады.
– Ал жалпы қоғам кибербуллингпен қалай күресе алады?
– Бұл тек техникалық мәселе емес, әлеуметтік және мәдени проблема. Біріншіден, цифрлық мәдениетті дамыту қажет — пікір қалдыруда жауапкершілікті сезіну, этиканы сақтау. Екіншіден, мектептерде медиа сауаттылық сабақтарын енгізу маңызды. Үшіншіден, платформалар мен мемлекеттік органдардың бірлескен жұмысы қажет: қауіпті контентті жедел бұғаттау, анонимді агрессияға қарсы механизмдер енгізу. Ең бастысы — қоғамда буллингтің кез келген түріне «нөлдік төзімділік» ұстанымын қалыптастыру.
– Қорытынды ретінде кибербуллингке қатысты қандай кеңес берер едіңіз?
– Ешкімді әлеуметтік желі арқылы қорлауға, масқаралауға немесе қысым көруге болмайды. Бұл — адам құқығын бұзу. Егер кибербуллингке тап болсаңыз, үндемей қалмаңыз, көмек сұраңыз. Дәлел жинап, тиісті органдарға хабарласыңыз. Ал егер біреудің буллингке ұшырағанын байқасаңыз — бейжай қарамай, қолдау көрсетіңіз. Түптеп келгенде, қауіпсіз цифрлық кеңістікті бәріміз бірге жасаймыз.