Әділет министрлігі: ЛГБТ-ға жату – құқықбұзушылық емес, шектеу тек насихатқа қатысты
Әділет министрлігі ЛГБТ-ға жату құқықбұзушылық болып саналмайтынын мәлімдеді. Бұл туралы Сенаттың пленарлық отырысында вице-министр Ботагөз Жақселекова айтты.
Сенат депутаттары ЛГБТ насихатына тыйым салуды көздейтін заң нормасының Қазақстан ратификациялаған халықаралық келісімдерге сәйкестігін нақтылауды сұраған. Осыған жауап берген Әділет вице-министрі Қазақстан азаматтық және саяси құқықтар жөніндегі халықаралық пактіні қоса алғанда, бірқатар халықаралық құжаттардың қатысушысы екенін атап өтті.
Оның айтуынша, аталған пактінің 19-бабының 3-тармағы пікір білдіру еркіндігін шектеуге мүмкіндік береді. Алайда мұндай шектеулер заңмен белгіленуі және мемлекеттік қауіпсіздікті, қоғамдық тәртіпті, моральдық құндылықтар мен денсаулықты қорғау мақсаттарына негізделуі тиіс.
Ботагөз Жақселекова ЛГБТ-ға жату үшін ешқандай жауапкершілік көзделмейтінін, норма тек қоғамдық деңгейдегі насихатқа қатысты екенін нақтылады.
«ЛГБТ-ға жату Қазақстан заңнамасына да, халықаралық құқыққа да қайшы емес. Бұл үшін жауапкершілік белгіленбейді. Шектеу тек ЛГБТ-ны қоғамдық деңгейде насихаттауға қатысты. Қорытындылай келе, бұл норма Қазақстан ратификациялаған халықаралық келісімдерге сәйкес келеді», – деді вице-министр.
Сондай-ақ Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов заң жобасына енгізілген өзгерістерді түсіндіру бойынша атқарылған жұмыстар туралы баяндады. Оның айтуынша, бұл мәселе 2024 жылдың маусым айынан бастап петиция талқыланған сәттен бері кешенді түрде қарастырылып келеді.
Осы кезеңде жұмыс тобының құрамына түрлі үкіметтік емес ұйымдар тартылып, барлық отырыстар ашық форматта өткен. Әрбір кезеңде қатысушылардың пікірлері тыңдалып, түрлі алаңдарда кездесулер ұйымдастырылған.
Кочетовтың мәлімдеуінше, маусым айында БҰҰ-ның Еуропалық кеңсесінде өткен әмбебап мерзімді шолу есебін қорғау барысында да заң нормалары бойынша түсіндірмелер берілген. Сонымен қатар, Әділет министрлігі жанындағы Еуропалық одақпен бірлескен жұмыс тобы аясында бұл мәселелер шетелдік әріптестермен талқыланған.
Азаматтық форум аясында да түрлі министрліктердің базасында үкіметтік емес ұйымдармен арнайы кездесулер өткізілген.
«Заң жобасындағы өзгерістерді түсіндіру бойынша жұмыс жеткілікті деңгейде жүргізілді», – деп түйіндеді вице-министр.
Айта кетейік, бұған дейін Сенат ЛГБТ насихатына тыйым салу туралы заңды бірінші оқылымда мақұлдаған болатын.