УЕФА Ұлттар лигасында Қазақстан құрамасының қай дивизионда ойнайтыны белгілі болды
УЕФА 2026/27 жылғы Ұлттар лигасының жеребе тарту рәсімін өткізу тәртібі мен матч күнтізбесін бекітті. Соған сәйкес, Қазақстан құрамасы келесі маусымда C дивизионында өнер көрсетеді.
Ұлттар лигасының жеребе тарту рәсімі 12 ақпанда Брюссель қаласында (Бельгия) өтеді. Жеребе алдында барлық қатысушы құрамалар A, B, C және D дивизиондарына бөлініп, әр дивизион ішінде себеттерге жіктеледі.
C дивизионындағы командалардың себеттері төмендегідей:
1-себет: Исландия, Албания, Черногория, Қазақстан
2-себет: Финляндия, Словакия, Болгария, Армения
3-себет: Беларусь, Фарер аралдары, Кипр, Эстония
4-себет: Латвия немесе Гибралтар, Люксембург немесе Мальта, Молдова, Сан-Марино
2026/27 жылғы Ұлттар лигасының матчтары 2026 жылғы 24 қыркүйек пен 17 қараша аралығында өтеді. Қазақстан құрамасының нақты қарсыластары мен ойын күндері жеребе нәтижесінде белгілі болады.
Айта кетейік, алдыңғы Ұлттар лигасы маусымының қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы B дивизионынан түсіп қалды. Норвегия, Австрия және Словениямен бір топта ойнаған ұлттық құрама бар болғаны бір ұпай жинаған болатын.