МАСҚАРА: МӘМС бойынша 768 827 ер адамды жатыр мойны обырына тексеріп, 619 ер адам маммографиядан өткен.

0 220

Жапарова Әсел Әбілханқызы
Тараз қалалық мәслихатының депутаты

Медициналық сақтандыру қорының ақпараттық жүйесі 2026 жылғы 1 шілдеге дейін Денсаулық сақтау министрлігінің жүйесіне интеграцияланады. Бұл қадам МӘМС аясында анықталған өрескел заң бұзушылықтардан кейін қабылданып отыр.
Медициналық сақтандыру қорының ақпараттық жүйесі 2026 жылғы 1 шілдеге дейін Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі ақпараттық жүйесіне толық интеграциялануы тиіс. Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында мәлімдеді.
Үкімет басшысының айтуынша, бұл шешім медициналық қызметтерді қаржыландыруда ашықтық пен тиімділікті қамтамасыз етуге бағытталған.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорын Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі қарамағына беру туралы шешімін қолдады. Қазіргі таңда тиісті тексерулер басталып, анықталған заң бұзушылықтар бойынша кінәлі тұлғалар жауапкершілікке тартылады.
Премьер-министр Президенттің Ұлттық құрылтайда берген барлық тапсырмаларының орындалуын тікелей өзі бақылайтынын атап өтті.
Әлеуметтік саладағы заң бұзушылықтар бойынша:
Мемлекет басшысы заң мен тәртіптің баршаға ортақ екенін атап өтіп, әрбір азаматтың заң талаптарын мүлтіксіз орындауы қажеттігін қадап айтты. Цифрландыру және жасанды интеллект жылы мемлекеттік аппаратқа нақты міндеттер жүктеп отыр. Сыбайлас жемқорлықпен күрес жаңа қарқынмен жалғасады.
Соңғы уақытта Президентке жекеменшік мектептерді қаржыландыру тетігіне қатысты шағымдар жиі түскен. Аудит нәтижесінде білім беру саласында заңсыз және негізсіз шығындар анықталып, жан басына шаққандағы қаржыландыру жүйесінің осал тұстары белгілі болды.
Алайда бұдан да күрделі жағдайлар денсаулық сақтау саласында тіркелді.
МӘМС қорындағы ірі заң бұзушылықтар
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының қызметін жан-жақты тексеру барысында шамамен 26 миллиард теңгеге қатысты жүйелі заң бұзушылықтар мен қызметтік өкілеттікті асыра пайдалану деректері анықталды.
Тексеру нәтижесінде мемлекет қаржысын жымқыру мақсатында жалған деректер ұсынылып, есептерге әдейі бұрмаланған мәліметтер енгізілгені белгілі болды.
Ресми деректерге сәйкес, Астанадағы бір жекеменшік клиникада бір күнде 1442 пациент қабылданғаны көрсетілген. Бір дәрігердің бір айда 4832 науқас қабылдағаны, ал бір маманның бір ай ішінде 1713 ем-шара жасағаны тіркелген. Сонымен қатар 996 қайтыс болған пациентке қатысты 3640 медициналық қызмет көрсету фактісі анықталған. 2023 жылы қайтыс болған адамның 2025 жылы қабылдауға жазылғаны да белгілі болды.
Сондай-ақ 1,8 млрд теңгеге пациенттің жынысына сәйкес келмейтін 769 446 скрининг тіркелген. Оның ішінде 768 827 ер адам жатыр мойны обырына скринингтен өтті деп көрсетілген, ал 619 ер адамға маммография жасалған. Бір аудандық аурухананың өзінде осындай 11 123 жағдай анықталған.
Балаларға қатысты дәрілік заттарды жалған тіркеудің 68 717 жағдайы тіркеліп, бір пациентке бір тәулік ішінде дәрі-дәрмек есептен шығарудың 2872 дерегі көрсетілген.
Мемлекет қаржысы қатаң бақылауда болуы керек.
Медицина саласын дамытуға мемлекет 2024–2025 жылдары 7,8 триллион теңге бөлген. Құқық қорғау органдарына сыбайлас жемқорлықтың жасырын тетіктерін анықтау тапсырылып, қазіргі уақытта 400-ден астам тексеру жүргізілуде.

Leave A Reply

Your email address will not be published.