Талас ауданы тосын суға дайын ба?

0 36

Көктемгі кезең қарсаңында Талас ауданында су тасқынының алдын алу бағытында қандай жұмыстар атқарылды? Осы сауалға байланысты аудан әкімдігі ұсынған ресми мәліметтерді зерделеп көрдік.
Талас ауданы әкімі аппараты аудандық төтенше жағдайлар бөлімімен бірлесіп, көктемгі су тасқыны кезеңін қауіпсіз өткізу және төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында бірқатар дайындық және алдын алу іс-шараларын жүргізген. Жүргізілген зерделеу жұмыстарының нәтижесінде есептік кезеңде аудан аумағында су тасқыны қаупі бар аймақтар анықталмаған. Бұл – қазіргі жағдай бойынша елді мекендерге тікелей қауіп жоқ деген сөз.
Сонымен қатар аудан аумағындағы су қоймалары мен гидротехникалық құрылғылардың техникалық жай-күйіне мониторинг жүргізілген. Талас өзені бойындағы негізгі су шаруашылығы (бас) каналдары КазСушар РМК теңгеріміне берілген. Ал су қоймалары Жамбыл су қоймалары КММ қарауында. Ресми ақпаратқа сәйкес, тасқын немесе нөсерлі жауын-шашын салдарынан су деңгейі көтерілген жағдайда, арнайы каналдар арқылы артық суды су қоймаларына бұру шаралары қарастырылған.
Елді мекендердегі тұрғын үйлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында өзен жағалауы бойынан жер телімдерін беру жұмыстары жүргізілмейді. Бұл – болашақта тәуекел аймағын кеңейтпеуге бағытталған сақтық шарасы. Бұдан бөлек, еріген қар суларының кедергісіз өтуін қамтамасыз ету үшін көпір астындағы су өткізгіш құрылғыларды тазалау бойынша ҚазынаҚұрылыс ЖШС-мен келісімшарт жасалған.
Қазіргі уақытта аудандық төтенше жағдайлар бөлімі, коммуналдық қызметтер және жергілікті атқарушы органдар күшейтілген дайындық режимінде жұмыс істеуде. Төтенше жағдай туындаған жағдайда жедел шешім қабылдау, материалдық шығындардың алдын алу және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша барлық қажетті шаралар қарастырылған.
Аудан әкімінің шешімімен 18 техника және 58 жеке құрамнан құралған аудандық шұғыл әрекет ету жасағы құрылып, кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргізуге толық дайындықта тұр.
Қазіргі таңда жағдай тұрақты бақылауда. Дегенмен көктемгі кезең – табиғат тосын мінез танытуы мүмкін уақыт. Сондықтан жауапты қызметтер тәуекелді төмендету үшін алдын ала қамдану шараларын жалғастырып отыр.

Leave A Reply

Your email address will not be published.