Тоқаевтың “Зерделі ұлт” тұжырымдамасы: Қазақстанда кітап оқу мәдениеті қалай өзгереді?

0 43

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған “Зерделі ұлт” тұжырымдамасы қоғамның интеллектуалдық және мәдени деңгейін көтеруге бағытталған. Құжатта кітап оқу дәстүрін нығайту, білім мен тәрбие жүйесіндегі кітаптың маңызын арттыру, сондай-ақ ой-өрісі кең, шығармашыл әрі бәсекеге қабілетті тұлға тәрбиелеу басты міндеттердің бірі ретінде айқындалған.
Жарлықта мәдениет, білім және инновация салаларындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттары белгіленді. Атап айтқанда, кітап оқуға деген қызығушылықты арттыру, заманауи кітапханалар мен қоғамдық кеңістіктер қалыптастыру, цифрлық технологияларды енгізу, қазақстандық қаламгерлерді қолдау, баспа және кітап тарату ісін дамыту, ұлттық әдеби мұраны ел ішінде ғана емес, халықаралық деңгейде насихаттау мәселелері қамтылған.
Үкіметке балалар мен жастар арасында тұрақты оқу мәдениетін қалыптастыру, кітапханалар инфрақұрылымын жаңарту, ұлттық әдебиетті сапалы аударып, кең аудиторияға қолжетімді ету бағытында нақты тапсырмалар жүктелді.

Сонымен қатар, 2026 жылдың 1 қыркүйегіне дейін “Жылдың 10 оқырманы” республикалық жобасын іске қосу жоспарланып отыр. Ал 2026 жылдың соңына дейін кітап оқу мәдениеті мен кітап саласын дамытуға арналған 2027–2031 жылдарға арналған “Зерделі ұлт” тұжырымдамасы бекітілуі тиіс.
Жарлық аясында 2027 жылдың 1 қаңтарына дейін “Кітапхана және кітап шығару ісі туралы” жаңа заң жобасын әзірлеу көзделген. Бұдан бөлек, кітап оқу мәдениетін дамытуға үлес қосқан азаматтарға арналған Ұлттық сыйлық тағайындау және бірыңғай Ұлттық цифрлық кітапхана платформасын құру жоспарланған.
Құжат қол қойылған күннен бастап ресми түрде күшіне енеді. СУРЕТ ЖИ КӨМЕГІМЕН ЖАСАЛДЫ

Leave A Reply

Your email address will not be published.